Алиаскарова Меруерт Алтынбаевна "Күй. Ұлы дала дауысы."
«Қарлығаш» ересектер тобында өткізілген
ашық оқу қызметі

Ашық оқу қызметінің тақырыбы:«Күй. Ұлы дала дауысы»
Мақсаты: Балалардың ұлттық музыкаға деген қызығушылықтарын арттыру. Міндеттері: Музыкалық аспаптарды атай білуге, күйлерді тыңдауға, тануға, сипаттама беруге бояумен бейнелеуге үйрету. Балаларды ұлттық музыкаға, шежіреге сүйіспеншілікке тәрбиелеу.
Әдіс – тәсілдері: таныстыру, сұрақ - жауап, қимыл жаттығуы, аспаптарды таныстыру, дидактикалық ойын.
Ұйымдастырылған оқу қызметінің барысы:
Ұйымдастыру.
Балалар залға музыка әуенмен кіреді.
Саз жетекшісі:
- Сәлеметсіздер ме балалар? (әндетіп амандасады)
Балалар:
- Сәлеметсіз бе! (әндетіп амандасады)
Кәнеки бәріміз шаттық шеңберін жасайық.
Шеңберде тұрып қимылды жаттығуларды әннің ырғағына келтіріп жасайық.
(Ән: Айгерім Қалаубаева «Көңілді күн»)
Балалар баяу музыкамен орындарына отырады.
Саз жетекшісі: Балалар бүгінгі оқу қызметіміз ерекше. Ерекшелігі бізге көптеген қонақтар келіп отыр, сондықтан біздер келген қонақтарымызға ән—күй сабағымызда не үйрендік соның бәрін көрсетейік. (Осы кезде әуен ойналады. Залға Әнші балапан кіреді.)
Ой, балалар бізге әнші балапан қонаққа келіп тұр. Қолында сазды сиқырлы қоржыны бар екен. Әнші балапан, сенің қоржыныңда не бар?
Балапан: Балалар, Сәлеметсіздер ме, менің қоржынымда сиқырлы ноталар бар, әрбір нотаның тапсырмасы бар, сол тапсырмаларды орындасаңыздар, сендерді сыйлық күтіп тұр.
Саз жетекшісі: Ой, рахмет, балапан. Сенің ноталарың бізге өте қажет, балапан сен бізбен бірге қал, қонақ бол. Ал, балалар балапанның ноталарының тапсырмаларын орындайық.
Алдымен балалар айтыңдаршы, музыкада қанша нота бар?
Балалар: 7 нота бар.
Жетекші: Олай болса сол ноталарды есімізге түсірейік.
Дауыс қыздыру жаттығуы: «Гамма до-мажор»
Жетекші: Ал ендеше До нотасының тапсырмасы қалай екен?
Жұмбақ жасыру
Керней, сырнай тарттырып,
Даңғыра, дабыл қақтырып,
Барып түсті Алпамыс
Қаракөзайым үйіне…
( «Алпамыс батыр» жыры)
Балалар бұл өлең жолында не туралы айтылып тұр?
Балалар: Музыкалық аспаптар.
Саз жетекшісі: Әрине, дұрыс айтасындар. Жарайсыңдар.
Ия балалар біз көптеген музыкалық аспаптарды білеміз. Біз музыкалық аспаптарға кейінірек қайта ораламыз.
Балалар қазақ ұлттық аспаптары домбыра, қобыз, асатаяқ, дауылпаз т.б. Ұлттыұ аспаптарының арасында домбыраның орны ерекше. — Домбыраға арнайы шығарылған музыканы қалай атайды? (Күй)
«Күй ойнайды қазағымның қанында, күй ойнайды қазағымның жанында» деп келетін шырайлы жыр жолдары бар. Күйді тыңдамаған қазақ кемде-кем болар, тыңдаған жанның баршасы осынау сөздердің шындығына ден қойғаны күмәнсіз. Қалай десек те, қазақтың жаны – күйінде. Жанының барлық қатпарлары, қуанышы мен қайғысы, күйініші мен сүйініші, мұң-шері мен шаттығы баяулап, толқындап, тасқындап тек домбыра шанағынан төгіледі. Қазақтың мінезі, ерлігі мен өрлігі, сабыр-сабаты да қазақтың өзінің күйлерінде жатыр. Халқымыздың әдет-ғұрпы, дарқандығы мен даналығы, ерке назды сұлулары кейіптелген күйлер ше? Қазақтың ұлан-байтақ даласы, сол даланың табиғаты, Алатауы мен Қаратауы, Сарыарқасы мен Сары өзені, Саржайлауы – бәрі-бәрі қазағымның күйлерінде көрініс тапқан.
- Күйді кім шығарады? Қандай күйшілерді білесіз? (Құрманғазы, Дәулеткерей, Д.Нүрпейісова, Қорқыт)
Балалар әнді орындайтын адамды кім деп атайды?
Биді орындайтын адамды кім деп атайды?
Ал күйді орындайтын адамды кім деп атайды?
Жарайсыңдар ! Ал олай болса мен сендермен кішкене дидактикалық ойын ойнап жіберейін. Ойнаймыз ба?
Қане біз күй тыңдаймыз. Ал сендер қандай күй екенін, және ол кімнің күйі екенін айтасыңдар.
Музыкалық дидактикалық ойын. «Күйшіні тап»
Саз жетекшісі: Ал жарайсыңдар балалар, Балапанның бірінші тапсырмасын орындадық. Екінші тапсырмада не берілген екен? Екінші нота қандай нота бізде?
Балалар : Ре нотасы.
Саз жетекшісі: Ре нотасының тапсырмасы — артында қобыздың суреті тұр.
Ал, бүгін біз жаңа аспаппен танысайық. Қазақтың өте көне аспабы — қобыз немесе қылқобыз. Қобыз ағаштан ойылып жасалған, ысқышпен ойналатын, ішекті музыкалық аспап. Қобыз аспабымен Қорқыт есімі тығыз байланысты. Қорқыт атаны — қобыз атасы деп те атайды. Қобызды ойлап шығарған Қорқыт ата. Қобызды тізеге қойып, ысқышпен ысып ойнайды. Халық арасында Қорқыт қобыз бен күйдің атасы саналады. Ол өзі ойлап тапқан қобызбен күй тартқан. Қызылорда облысында Қорқытқа ескерткіш орнатылған. Пішіні қай жақтан қараса да, қобызға ұқсайды. Төрт қобыз қатар тұрған секілді. Жел соққанда, қобыздың үні естіледі. (слайдта көрсетіледі.)
Осымен, балалар, біз бүгін қобызбен және Қорқыт атамен таныстық.
Балапанның үшінші нотасы «ми» — артында билеп тұрған сурет бар.
Жетекші: Біз біраз отырып шаршаған болармыз, қане олай болса орнымыздан тұрып сергіту билерін жасайық.
Бүгінгі үйренетін биіміз Полька. Біз бұл бидің қимылдарын үйренеміз .
«Полька» биінің қимылдарымен таныстыру.
Әуенді ырғақтық-қимыл: «Полька»
Жетекші: Балапанның төртінші тапсырмасы фа нотасын ашып көрейік. Музыкалық аспаптардың суреттері бейнеленген.
Балалар біз көптеген музыкалық аспаптарды білеміз. Біздің балалар қасиетті домбыра туралы жаттаған тақпақтары бар еді.
1 бала: Төгілсе күйдің тамшысы,
Құмарың досым қанды ма?
Даланың кәрі жыршысы,
Қасиетті қара домбыра.
2 бала. Бабамның сырын тыңдашы,
Күй болып жеткен мол мұра.
Қазақтың жаны сырласы
Қасиетті қара домбыра.
Саз жетекшісі: : Жарайсыңдар балалар. Сендердің білімдеріңді тексеріп көрейік, олай болса ойын ойнап көрейік.
«МУЗЫКАЛЫҚ ҮЙШІК»
Педагог үйшікті көрсетіп, онда әртүрлі аспапта ойнайтын музыканттар тұратынын айтады.
Ойын шарты:Педагог жабылғыштың артында тұрып музыкалық аспапта ойнайды. Аспап үнін таныған бала аспаптың атын атап, суретін сәйкесін алып, үйдің бір бос әйнегін жабады. Осылайша барлық терезелер қалың жабылуы керек.
Мақсаты:Аспаптардың тембрін ажырата білу.
Саз жетекшсі: Балалар олай болса осы аспаптапды қолымызға алып «Келіншек» күйін ойнайық.
Музыкалық аспапта ойнау: Оркестр «Келіншек»
Жетекші: Балалар жарайсыңдар. Біз біраз аспаптарды еске түсірдік. Ал енді ұлттық аспабымыз домбыраның үнін еститін уақыт та келген сияқты. Бізге қонаққа Елнұрдың атасы келіпті. Бұл кісі сендерге арнап домбыра аспабында бір ән орындап береді.
Домбыраның құлағын,
Мәнерімен бұрадым.
Ал достарым тыңдасын
Әнге қосып жырласын
Ән: «Анажаным»
Саз жетекшісі: Ата сізге көр рақмет! Балалар Атамызға Алғыс айтайық. Ал Балапан сенің тапсырмаларыңның бәрін орындауға біздің уақытымыз шектеулі, сондықтан келесі оқу қызметінде ары қарай жалғастырайық.
Бүгінгі оқу қызметімізді қорытындылайық. Бәріміз шеңберге тұрайық. Мына домбыра аспабын шеңбермен айналдырамыз, әуен тоқтаған кезде домбыра кімнің қолында қалса, сол бала менің мұра,ыма жауап береді.
Ойын: «Домбыра шеңберде»
Сонымен күй дегеніміз не?
Күйді орындайтын адамды кім деп атаймыз?
Біз бүгін қандай музыкалық жанрдың түрімен танысып, ырғақтық қимыл жасадық?
Біз бүгін қандай аспаппен таныстық?
Қобызды кім ойлап тапқан?
Саз жетекшісі: Жарайсыңдар балалар! Көп рақмет сендерге.
Ал Балапан, бүгінгі тапсырмаларыңды дұрыс орындадық па?
Балапан: Балалар, жарайсыңдар! Тапсырмаларды дұрыс орындадыңдар. Сендер көп нәрсені біледі екенсіңдер. Білімдеріңді ары қарай шыңдай беріңдер. Бәрің де белсенді қатыстыңдар.
Сондықтан мен сендерге мынадай тәттілерді сыйға беремін. Ал енді менің кетуім керек. Көп рахмет. Сау болыңдар!
Жетекші: Рақмет саған Әнші Балапан. Сау бол!
Балалар мына сыйлықтарыңды қазір топқа барып аласыңдар. Ал біздің бүгінгі оқу қызметіміз аяқталды.
Сауболыңдар балалар! (әнетіп)
Сау болыңыз! (Әндетіп.)